ҚР Ұлттық теннис орталығына «Азия теннис орталығы» мәртебесі берілді
ТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық теннис орталығына «Азия теннис орталығы» мәртебесі берілді. Осыған орай бүгін Азия теннис федерациясының президенті Анил Кумар Ханна елордаға келіп, Ұлттық теннис орталығына «Азия теннис орталығы» дәрежесінің берілгендігі туралы жазылған арнайы тақтайшаны ресми түрде ашты.
«Негізі, Қазақстанның теннис федерациясы елдегі теннис спортын дамыту жолында біраз жұмыс атқарды. Оны біз Дэвис кубогында қазақстандық теннисшілердің қол жеткізіп жатқан жетістіктерінен айқын байқап отырмыз. Қазақстан теннисінің тарихында кеше, тамыздың 25-сі күні алғаш рет Азия теннис федерациясының директорлар кеңесінің отырысы өтіп, онда ҚР Ұлттық теннис орталығына «Азия теннис орталығы» мәртебесін беру туралы шешім шығарылды. Себебі Қазақстан өз елінде ғана емес, Азия аймағында теннис спортының дамуына өз үлесін қоса алады. Осыған орай, кеше Азия теннис федерациясы мен Қазақстанның теннис федерациясы арасында ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды. Оған сәйкес біз азия аймағында жасөспірімдер теннисін жан-жақты дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», - дейді Анил Кумар Ханна .
Азия теннис федерациясының президенті атап көрсеткендей, бүгінгі таңда «Азия теннис орталығы» мәртебесіне әлем бойынша тек екі теннис орталығы ие. Оның біреуі Тайландтың Бангкок қаласында орналасса, екіншісі - Астанадағы ҚР Ұлттық теннис орталығы.