ҚР Ұлттық ұланының жалғыз ұшқыш қызы өзінің алғашқы ұшуын Астана күніне арнайды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3656 әскери бөлімінің аға ұшқыш штурманы (тікұшақ тобы) 23 жастағы Ардана Ботай тұңғыш рет алдағы 6 шілде күні АН-26 әскери ұшағының штурвалына отырады. Ол өзінің алғашқы ұшу сапарын сүйікті қаласы - Астананың туған күніне арнамақ. Ардана ҚР Ұлттық ұланы құрамындағы жалғыз ұшқыш қыз. Ол Қарағанды облысында туып-өскен. Көп жылдар Астанада тұрған.
ҚР Ұлттық ұланы қолбасшылығы әскери оқу орнын бітіріп келген ұшқыш қыздың өтінішін құп көріп, 6 шілде күні әскери ұшақтың штурвалына отыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Мен 2011 жылы Астана қаласындағы №2-ші мектеп-гимназиясын бітірген соң, сол жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына «Ұшу аппаратары мен қозғалтқыштарының ұшу эксплуатациясы» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2013 жылы Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумның арқасында, екінші курстан кейін, Хельсинки қаласындағы әскери ұшқыштар дайындайтын «Патрия» мектебіне қабылдандым. Сөйтіп, 2015 жылы коммерциялық ұшқыштың еуропалық стандарты - № FIN.FCL.83136 лицензиясын алдым. 2016 жылы наурызда Академияда мамандығым бойынша бакалавр дәрежесіне ие болдым. Менің арманым әскери ұшқыш болу еді. Енді сол арманыма қол жеткізгелі жатырмын. Қазір, тікұшақты және әскери АН-26 ұшағын басқаруды жан-жақты меңгеріп жатырмын», - деді А. Ботай өзі жайында.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әзірге Ардананың 240 сағаттық ұшу тәжірибесі бар.