ҚР вице-премьері Қ. Көшербаев ӘР Премьер-Министрі А.Раси-задемен кездесті
БАКУ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Бұған дейін «ҚазАқпарат» хабарлағандай, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған кең құрамдағы делегация жұмыс сапарымен Әзірбайжанға келді.
Сапар аясында ҚР вице-премьері Қ. Көшербаев ӘР Премьер-Министрі Артур Раси-задемен, сондай-ақ Экономикалық даму министрі Шахин Мұстафаевпен және Ауыл шаруашылығы министрі Исмет Аббасовпен кездесті.
Екіжақты кездесулер барысында тараптар ҚР және ӘР арасында тауар айналымының кеңеюіне қанағаттанарлық білдірді, сондай-ақ екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және арттыру қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар бүгін қазақстандық делегация ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша Хырдаландағы «Зехмет-Рузи» кәсіпорнына, Сумгайыт технопаркіне барды. Онда ҚР және ӘР кәсіпорындары өзара ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырғаны аталып өтілді.
Сапардың екінші күні Green Tech жылыжай кешені мен Габалада орналасқан кәсіпорындар жұмысымен танысу жоспарланған.
Қазақстан делегациясының құрамына ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары Б. Нұрымбетов, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары А. Жұмабаев, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары М. Өмірияев, «ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасы Д. Айтжанов және т.б. кірді.