ҚР вице-премьері облыстардағы медициналық мекемелердің рейтингісін жасауды тапсырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі (ДБҰЖ) мен Денсаулық сақтау ісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылау бойынша Денсаулық сақтау министрлігінде өткен республикалық кеңесте Е.Орынбаев, облыстардағы медициналық мекемелердің халыққа көрсетіп отырған қызметтер сапасының рейтингісін жасау қажеттігін атап көрсетті.
«Тұрақты түрде әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп, халықтың арыздарын жинап отыру қажет. Солай, біз қай облыста кім қалай жұмыс істеп отырғанын көріп, халық қай жердің жұмысымен қанағаттанбайтынын біле аламыз», - дейді ол.
Вице-премьердің айтуынша, 2010 жылдың қаңтарының бастап елде жұмыс істей бастаған ДБҰЖ өзінің тиімділігін көрсетті. Нақты емделген науқасқа төленетін жүйенің енгізілуімен медицина саласы қызметкерлерінің еңбек өнімділігі де арта түскен.
Бірақ Е.Орынбаевтың сөзіне қарағанда, жаңа Ұлттық жүйеде проблемалар да жоқ емес. Олар әсіресе, ұйымдастырушылық іс-шараларға қатысты. «Министрліктер мен жергілікті органдар түсіндіру бойынша (ред-жаңа жүйені) жұмыстар жүргізгенін білемін. Бірақ менің ойымша, олар жеткіліксіз болды. Сондықтан түсіндіру бағытындағы жұмыстарды қайта бастау керек», - деді ол.
Үкімет басшысының орынбасары, қажет болған жағдайда медициналық мекемелерге консультациялық кеңестер өткізіп, жеті күннің ішінде оның нәтижесі жайында мағлұмат алып отыру жүйесін қалыптастыруды ұсынды.