ҚР вице-премьері: теңге бағамының өзгеруі отандық тауарға басымдық береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Девальвация импорттық тауарлар құнының артуына әсер етеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.
Девальвация импорт бағасының өсіміне әсер ететіндігін атап өткен Б.Сұлтанов: «Дегенмен, бұл ретте біздің тауар өндірушілерімізде импорттың қымбаттауына байланысты оны ішкі нарықта өз өнімдерімен алмастыру мүмкіндігі туындайтынын түсінуіміз керек», - деді. Сондай-ақ оның атап өтуінше, орын алып отырған жайт қазақстандық өндірушілерге тауарларын сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнімге айналдыруға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Ұлттық банкі 2014 жылдың 11 ақпанынан бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, валюталық интервенциялардың көлемін азайтудан, теңгенің айырбас курсын құру процесіне араласудан бас тарту туралы шешім қабылдағанын жария еткен еді. Сондай-ақ теңге курсының жаңа бағамы 185 АҚШ доллары төңірегінде болатындығын хабарлаған-ды.