ҚР Жоғарғы соты Арман Шораевтың ісі бойынша алдын ала баға беруге асықпауды сұрады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Арман Шораевқа қатысты қылмыстық іс сот өндірісінде емес, соталды тергеу кезеңінде екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Арман Шораевқа қатысты бұлтартпау шарасына рұқсат беру мүмкіндігі бойынша мынаны хабарлаймыз: қазіргі уақытта Алматы қаласының тергеу сотына оған қатысты іс материалдары келіп түскен жоқ», - деп жазды Айдос Сәдуақасов Facebook -те.
Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы атап өткендей, БАҚ өкілдерінің процеске қатысу мәселесін шешу тек қана соттың айрықша құқығында. «Заң бойынша ешкімнің, тіпті Жоғарғы сот төрағасының да әділ сот процесіне араласуға құқығы жоқ. Істі өндіріске алған судьяны бақылау және оған нұсқау беруді әділ сот шешімін қабылдауға қол сұғу ретінде қарастырған жөн, бұған жол берілмейді. Соттың іс-әрекетіне алдын ала баға беруге асықпауды сұраймыз», деп қосты Айдос Сәдуақасов.
Бұған дейін хабарланғандай, Арман Шораев төтенше жағдай кезінде алдында ала жалған ақпарат таратқаны үшін уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған болатын.