ҚР Жоғарғы сотына сайлау заңнамасының бұзылуына қатысты 353 талап-арыз түсті, оның 24-і қанағаттандырылды

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде өткен кезектен тыс сайлау барысында республика соттарына сайлау заңнамасының бұзылуына қатысты 353 талап-арыз түсіп, оның 24-і қанағаттандырылды.

ҚР Жоғарғы сотына сайлау заңнамасының бұзылуына қатысты 353 талап-арыз түсті, оның 24-і қанағаттандырылды

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті.

«Кезектен тыс сайлау барысында республика соттарына сайлау заңнамасының бұзылуына қатысты 353 талап-арыз түсті. Оның 8-і Парламент Мәжілісінің депутаттарын, ал 345-і жергілікті мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты болды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне қатысты талап арыздардың 70-і Оңтүстік Қазақстан облысында, 37-сі Павлодар облысында, 37-сі Астана қаласыеда, 32-сі Алматы қаласында, 27-сі Жамбыл облысында, 25-і Ақмола болысында тіркелген.

«Шешім қабылданған талап арыздар саны 256, оның ішінде 232-сі бойынша талап-арыз қанағаттандырусыз қалдырылып, 24-і қанағаттандырылды», - деді О.Петерс.

Ресми өкілдің айтуынша, жергілікті соттарға келіп түскен арыздар сайлау комиссияларымен депутаттыққа үміткер ретінде тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдануымен байланысты. Сайлау комиссиялары тарапынан мұндай шешімдердің қабылдануына арызданушылардың салық декларациялары туралы мәліметтерді дұрыс бермеуі, насихаттау материалдарын шығару және орналастыру тәртібін бұзуы себеп болған.