ҚР Жоғарғы Сотында Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы талқыланды
Жоғарғы Сотта құрылған жұмыс тобының мүшелері, судьялар Ұ.Сүлейменованың, Н.Мамонтовтың және Қарағанды облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрайымы Ж.Сейдалинаның баяндамалары азаматтық сот өндірісінің міндеттері мен қағидаттары, Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының жалпы ережелері, бірінші сатыдағы сот өндірісі мен сот актілерін қайта қарау мәселелеріне арналды. Сондай-ақ заң жобасын жетілдірудің негізгі бағыттары бойынша ҚР Бас прокурорының орынбасары Ж.Асанов және Әділет министрінің орынбасары З. Баймолдина, ғалымдар мен шетелдік сарапшылар сөз сөйледі.
Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі тиімділігін, шапшаңдығы мен мінсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде, сот төрелігін жүзеге асыру сапасына, сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға септігін тигізіп, Қазақстанның әлемдегі неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына кіруіне ықпал ететін болады.
Жобада азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу көзделген. Атап айтқанда, азаматтық істерді қарау тараптардың жарыспалы сөз сөйлеуі негізінде жүргізіліп, судьяның сот талқылауына негіз болған мәселені бақылаудағы құзыреті аздаған деңгейде ғана сақталатын болады.
Сонымен қатар, Кодекстің жаңа редакциясында сот ісіне қатысушылар мен судьялардың процессуалдық құқықтары мен міндеттерінің объективті теңгерімі көзделген. Дауларды реттеудің соттан тыс механизмдерін дамыту үшін жекелеген санаттар бойынша «Дауларды соттан тыс реттеу» деген жаңа тарау енгізіледі. Кассациялық сатыдағы соттың істерді апелляциялық сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберу негіздері азайтылды. Мұндай ереже барлық сот сатыларында мемлекеттік баждың енгізілуімен үйлеседі.
«Татуластыру рәсімдері» деген бөлек тарауда медиация тәртібімен дауды шешуге бағытталған бітімгершілік келісімдер мен шарттар жасаудың рәсімдері мен салдарын егжей-тегжейлі реттеу қарастырылады. Бұған қоса, жобада азаматтық істерді қарау тәртібін жеңілдетуге, соның ішінде соттар қызметінде техникалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы оңайлатуға бағытталған ережелер бар. Көзделіп отырған барлық шаралар халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтарының мүддесін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, қабылданбақ.
Дөңгелек үстел барысында жобаның концептуалдық тұжырымдары мен азаматтық іс жүргізу заңнамасының тиімділігін арттыру жолдары туралы қызу пікірталас орын алды. Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясы жұртшылықтың кеңінен талқылауы үшін Жоғарғы Соттың сайтына орналастырылды.