ҚР Жоғарғы Сотында электронды сот ісін жүргізуге көшу бағытындағы жұмыстың қорытындысы шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде электронды сот ісін жүргізуге көшу бағытындағы жұмыстың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған мақсаттар айқындалды. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінен хабарлады.
Азаматтардың соттармен өзара іс-қимылын айтарлықтай жеңілдетуге бағытталған бірқатар жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, сот органдарының интернет-ресурстарында электронды сот құжаттарын көруге арналған «Сот құжаттарымен танысу» онлайн сервисі (бұдан әрі - Сервис) іске асырылып, жұмыс істеуде. Сервис арқылы белгілі-бір сот ісі бойынша сот құжаттарын көруге, сақтауға және жүктеп алуға болады. Сот процесіне қатысушы ұялы телефон нөміріне немесе электронды мекен-жайына келіп түскен электронды ақпарат (SMS-хабарлама) бойынша логин мен құпия сөзге ие болады.
Аталған Сервистің мүмкіндіктерін кеңейту үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен бірлескен бұйрыққа қол қойылды.
Осы бұйрыққа сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы құру кезінде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция басқармасының уәкілетті лауазымды тұлғалары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға «Сотқа келу туралы талон» (бұдан әрі - Талон) береді.
Әкімшілік полиция әкімшілік істер бойынша Талонды құқық бұзушыға және жәбірленушіге береді, талонның келесі бөлігі материалдарды одан әрі сотқа жолдау үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға тіркеледі.
Аталған жоба республика соттарында 2014 жылғы 22 желтоқсаннан бастап іске асырылуда.
Сотқа құқық бұзушының немесе жәбірленушінің толық аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН), SMS-хабарлама жіберуге арналған ұялы телефонының нөмірі, электронды поштасы, нақты тұрғылықты жерінің мекен-жайы көрсетілген ақпараттық талоны бар әкімшілік құқық бұзушылық туралы материал келіп түседі.
Талонды пайдаланудың негізгі артықшылықтары:
1) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі іс жүргізуге қабылдау кезінде Талонда көрсетілген ұялы телефон нөміріне іс нөмірі, ҚР Жоғарғы Сотының www.sud.gov.kz ресми сайтында «Сот құжаттарымен танысу» айдарында тіркелуге арналған логин мен құпия сөз туралы SMS-хабарлама алу;
2) логин мен құпия сөзді қолданып, www.sud.gov.kz сайтының «Сот құжаттарымен танысу» айдарында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері туралы ақпаратты көру, жүктеу және басып шығару мүмкіндігі;
3) істі қарау уақыты мен орнын белгілеу туралы SMS-хабарламаны алу;
4) www.sud.gov.kz ресми сайтының «Істерді қарау тізімі» бөлімінде істерді қарау тізімдерін көру мүмкіндігі;
5) тараптардың сот қаулысы шығарылған күн көрсетілген SMS-хабарламаны алуы.
Бұған қоса, тараптар сот кеңсесіне Талонда көрсетілген телефон арқылы алдын-ала хабарласып, сот құжаттарының түпнұсқаларын ала алады.
Айталық, бүгінгі күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 8277 әкімшілік материал келіп түскен. Солардың ішінде 5420 жол-көлік оқиғалары жөніндегі істер. Осы істер бойынша Астана қаласының жол полициясы қызметкерлері 5420 талон берді.
2015 жылдың 1 тоқсанында республиканың соттарына 91 788 әкімшілік материал әкімшілік материал келіп түсті. Соның ішінде 62 560 материал бойынша талон берілген, бұл 68%-ды құрайды. Бұл материалдар Жол жүру ережесін бұзушыларға қатысты және бұларды Әкімшілік полиция органдары жолдаған. Жергілікті соттарға келіп түскен материалдардың қалғаны әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істерді қарайтын мемлекеттік органдардан келіп түскен. Мәселен, Қаржы министрлігінің Салық комитеті, Ішкі істер министрлігінің Өртке қарсы қызмет және ІІМ-нің құрылымдық бөлімшелері және т.б.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 36-тарауына сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды 52 мемлекеттік орган мен өзге де өкілетті органдар толтырады.
Талонды қолдану мемлекеттік органдардың процеске қатысушыларды сот отырысын өткізу туралы неғұрлым жедел хабарландыруға, оларды барлық қажетті құжаттармен таныстыруға мүмкіндік береді. Аталған сервис мемлекеттің бюджет қаражатын және тараптардың қаржысын нүнемдейді, азаматтар мен соттардың сот төрелігін жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылын жүйелей түседі.