ҚР Жоғарғы сотының төрағасы азаматтарды қабылдау жүргізді
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков азаматтарды қабылдау жүргізді. Қаралған мәселе негізінен сот актілеріне шағым беру және заңнаманы түсіндіруге қатысты болды,
деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.
Әр сұрақ бойынша облыстық соттардың төрағалары мен жауапты қызметкерлеріне тапсырмалар беріліп, арызданушылардың арыздарын мұқият тексеруді, егер айтылған фактілер орын алған болса, бұзылған құқықтарды қайта қалпына келтіруге қатысты шаралар қолдануды қатаң тапсырды.
Бір арыз бойынша М.Әлімбеков қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырып, айтылған факті расталған жағдайда, кінәліні заңнамада белгіленген тәртіпте жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Жоғарғы сот төрағасы азаматтарды қабылдауды ай сайын тікелей азаматтарды қабылдау арқылы немесе облыстық соттармен бейнеконференция түрінде өткізіп тұрады. Бейнеконференция байланысы (онлайн-қабылдау) азаматтарға Астанаға ат арытып келмей-ақ, Жоғарғы сот төрағасына тікелей сұрақтарын жолдауына, сонымен қатар, ол сауалдарына сол мезетінде жауап алуға мүмкіндік береді.