ҚР Жоғары Соты жаңа кодекстің жобасын әзірледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғары Сотында ҚР Әкімшілік процестік кодексі жобасының онлайн-таныстырылымы болды.

ҚР Жоғары Соты жаңа кодекстің жобасын әзірледі

ҚР Жоғары Сотының азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі сот алқаларының судьялары қатарынан құрылған жұмыс тобы осы кодекстің жобасын әзірледі.

Жоғары Сот судьясы Бағлан Мақұлбековтің айтуынша, ондаған жылдар бойы жеке-құқықтық және жариялылық құқықтық қатынастарда туындаған істер азаматтық істер жүргізу кодексінің тәртібімен қаралып келген. Жеке азаматтардың құқықтарымен қатар, мүліктік, көліктік емес қатынастардан туындайтын даулар, салық салу, кедендік, банктік қатынастардан, жерді иелену қатынастарынан туындайтын, сол сияқты денсаулық сақтау, антимонополиялық реттеу және басқа да құқықтық қатынастар азаматтық кодекстің аясында бірге қаралып келді.

«Еліміздің «2010-2020 жылдарға арналған ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, азаматтық істер мен әкімшілік істер жүргізу процесін екіге бөлу мәселесі көтерілген болатын. Осы бағытта бізде азаматтық істерді жүргізу кодексінің жаңа жобасы мен әкімшілік процессуалдық кодексінің жаңа жобасы дайындалды. Қазіргі уақытта қоғамдық қатынастардың салалары көбейіп кетті. Осы істерді уақытында әрі әділетті шешу үшін, сонан кейін әкімшілік-құқықтық қатынастарға қатысатын субъектілердің құқықтары мен бостандықтарын орындау үшін осы әкімшілік процессуалдық кодексті қабылдау қажеттігі туындап отыр. Қазір кодекстің жобасы дайын болды деуге болады. Енді ол біраз пысықталғаннан кейін, көпшіліктің назарына ұсынылатын болады», - дейді ол.

Азаматтық істерді жүргізу кодексі мен әкімшілік процессуалдық кодексінің айырмашылығы сонда - Азаматтық істерді жүргізу кодексі бойынша тек қана жеке құқықтық қатынастар қаралады, ол жерде талапкерлер мен жауапкерлер және басқа үшінші тұлғалар процесске қатыса алады. Ал әкімшілік процессуалдық кодекс бойынша қаралатын іске әкімшілік талапкер мен әкімшілік жауапкер қатысады. Онда мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғалалардың әрекеттері қаралады.

«Азаматтық процесс бойынша, екі жақ тең құқылы және сотта жарыспалы принциптерін қолдануы мүмкін, ал әкімшілік процессуалдық кодекс бойынша, құқықтық нормативтік актіні қабылдаған орган бұл актінің қабылдануына себеп болған факторларды сот отырысында дәлелдеуі міндетті. Екі кодекстің басты айырмашылығы осында», - деп атап өтті Б.Мақұлбеков.

Жоба әкімшілік сот ісін жүргізуді құқықтық реттеудің бүкіләлемдік тәжірибесіне сәйкес әзірленген. Атап айтқанда, Германия, Латвия, Литва, Әзербайжан және тағы басқа елдердің тәжірибесі зерделенді. Кодекс жобасы 6 бөлімнен, 43 тараудан және 338 баптан тұрады. Жоба жақында Жоғары Соттың ресми сайтында жарияланады.