ҚР Жоғары сотына екі судья ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында ҚР Жоғары сотына екі судья ұсынылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 ҚР Жоғары сотына екі судья ұсынылды

Атап айтқанда, ҚР Жоғары сотына судья ретінде Гүлмира Жүсіпбекова мен Асқаржан Кенжеғарин ұсынылды. ҚР Президенті ұсынған кандидаттарды ҚР Жоғары сотының өкілі Әділ Қырықбаев таныстырды.

«Гүлмира Қоқанқызы Жүсіпбекова бүгінгі таңда Астана қалалық сотында жұмыс атқарады. Сот саласында 20 жылдық тәжірибесі бар. Ал Асқаржан Қапезұлы Кенжеғарин қазіргі таңда Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы. 25 жыл сот саласында еңбек еткен. Еңбек жолын Аягөз аудандық сотында судья болып бастаған. Екі үміткердің үлкен тәжірибесі бар. Өздерін білікті судья ретінде көрсете біліп, заңгерлердің жоғары бағасына ие болған», - дейді Әділ Қырықбаев.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті ұсынылған үміткерлерді ҚР Жоғары сотының судьясы ретінде сайлау туралы мәселені Сенаттың пленарлық отырысында талқылау туралы шешім шығарды.