Краснояр кентінде 32 пәтерлі үш тұрғын үй қалпына келтірілуде - Ақмола облысы (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кентінде 32 пәтерлі үш тұрғын үй қалпына келтірілуде. Ақмола облысының әкімі С.Кулагин жұмыс бабымен аталған елдімекенде болып, осынау тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қызу қолға алынған.
Аталған үйлердің әр біреуі 8 бір пәтерлі, 16 екі пәтерлі және 8 бір жарым пәтерлі болып келеді. Мұндағы бір үйдің құрылысы 70 миллион теңгені құрап отыр. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тәсілі «коммуналдық жекеменшік нысанды кейін сатып алатындай жалға беру болып табылады. Қазіргі кезде, осы бағытта қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен инвесторлар арасында келісімшарт жасалынды. Бұл үйлердің үшеуі де жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мұндағы пәтерлер үй кезегінде тұрғандарға, жас және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін болады.
Осы орайда, аймақ басшысы қала әкімінің ұйытқы болуымен қолға алынған аталған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына он бағасын беріп, қажет болған жағдайда қолдау көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ, мердігерлерге жөндеу жұмыстарын сапалы әрі кестеге сай жүргізуді тапсырды.