10:15, 29 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Краснояр тұрғыны лифтіден тауып алған 500 гауһар тасты сот арқылы иемденуге мәжбүр болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Краснояр өлкелік соты жергілікті тұрғын лифтіден тауып алған гауһар тасты мемлекет кірісіне беруден бас тартты, деп хабарлады krasn.pravo.ru. порталы.

№ 33-12810/2015 іс материалына сәйкес, 2012 жылғы наурызда Красноярдағы Железнодорожный ауданының тұрғыны аяқ астынан олжаға кенеледі. Тұрғын үйлердің біріндегі лифтіге кірген азаматша К., еденнен орама тауып алады. Оның ішінде 478 гауһар тас болған.
Әйел мұны дереу полицияға апарды. Құқық қорғаушылар тас иесін іздеген. Оған дейін гауһар РФ ІІМ «Красноярское» ММ №7 полиция бөлімінде заттай айғақтар салынатын камерада болды.
Аудандық прокуратура асыл тастарды ешкімге тиесілі емес деп танып, мемлекет кірісіне ұсынған.
Алайда аяқ астынан кездескен олжасынан айырылғысы келмеген әйел талапарызбен сотқа жүгініп, сот оның пайдасына үкім шығарды.