«Креатив хаб» қоры құрылады

«Креатив хаб» қоры құрылады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия қоры құрылады. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform. 

«Мемлекет басшысы осы жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында әрбір облыс орталығында және ірі қалада креативті индустрия орталықтарын құруды, сондай-ақ қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелерінде көмек көрсетуді қамтитын креативті индустрияны қолдау шараларының жеке топтамасын әзірлеу міндетін қойды. Осы орайда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы әзірленуде», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, заң жобасы аясында:

- «Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия қорының (бұдан әрі – Қор) мәртебесін, функцияларын, қызмет бағыттарын, қаржылық және материалдық-техникалық инфрақұрылымын бекіту;

- облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының құзыретін айқындау;

- Қордың қызметін жүзеге асыру үшін шетелдіктерді тартуға арналған квотаны заңнамалық деңгейде бекіту;

- бірыңғай оператордың «Сәтті Жұлдыз» АҚ ұлттық лотереясының табысынан 3 пайыз мөлшерінде Қорға аудару жөніндегі норманы заңнамалық тұрғыдан бекіту;

- ерекше салық режимін қолдану мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізу және басқа да нормалар көзделген.

«Заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар арқылы креативті индустриялар саласын дамыту жастарды, шығармашылық ұжымдарды, мәдениет саласының өкілдерін осы салаға тарту арқылы кәсіпкерлікті дамытуға оң әсер етуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар