Креативті индустрияны дамыту «Қазақстан халқына» қоры есебінен жүргізіле ме
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан халқына» қорына аударылатын қаржының 3%-ын креативті индустрияға бағыттау жоспарланып отыр. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов бұл мәселеге алаңдатушылық танытты.
«Бүгінгі заң жобасы аясында креативті индустрияны дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қатысты түзетулер енгізіліп отыр. Министр оның ішінде лотерея операторларынан және «Қазақстан халқына» қорына аударатын табысының 3% сол креативті индустрияға бағыттауды ұсынып отыр. «Қазақстан халқына» қорының қаражаты ол мұқтаж жандарға бағытталған қаржы. Осы орайда сұрақ, бұл қаншалық қажет?», - деген сауал қойды Ринат Зайытов Мәжілістің жалпы отырысында.
Халық қалаулысының сауалына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жауап берді.
«Креативті индустрия бүгінде ең тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Оған себеп 2022 жылы Президент Үкіметтің алдына осындай міндет қойған. Оның ішінде Үкіметтің жанынан креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсе ашылды», - дейді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасының бекітілгенін айтты.
«Өзіңіз айтқан, қорға қатысты қазір талқылау жүріп жатыр, толық, ортақ жауапқа келген жоқпыз. Сондықтан осы мәселені екінші оқылымға дейін сіздермен талқылауға дайынбыз. Жалпы қор керек, себебі креативті индустрияны дамыту саласындағы жобаларды қолдаймыз десек, әлбетте қаржыландыру жағын шешу керек, соны қорды құру қажет, ал қаржыны қайдан келетінін өздеріңізбен ақылдасайық», - деп толықтырды А. Балаева.
Оның айтуынша, креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлер, жеке тұлғалар түрлі идея, жобаларды ұсынып жатыр, бірақ оны қаржыландыру жағы шешілмеген.
«Сондықтан креативті индустрияны дамыту қорын құрып, жобалар байқауын ұйымдастырып, тиімді, нәтижелі болған жағдайда қаржыландыру жағын қарайды. Біз оны мемлекеттен бюджеттен қаржыландыра алмаймыз, сондықтан қаржы көздерін іздейміз. Бұл жерде біз екі қорды қарастырып отырмыз, ол «Сәтті жұлдыз» лотерея АҚ және «Қазақстан халқына» қоры. Бірақ, нақты келісімге келген жоқпыз, әлі де талқыланады, заң жобасының екінші оқылымына дейін депутаттармен нақтылап, бір шешімге келеміз», - деп түсіндірді Мәдениет және ақпарат министрі.
Айта кетейік, бүгін креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.