Кредиттік амнистияға іліккен азаматтар қайтадан қарызға батып жатыр

қарыз
Фото: ortalyq.kz

АСТАНА. KAZINFORM – 2019 жылы кредиттік амнистияға іліккен азаматтар қайтадан қарызға батып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

«2019 жылы кредиттік амнистияға қатысқан заемщілерге қатысты ахуалға сараптама жасадық. Өкінішке қарай, олар қайтадан қарызға батып отыр. Тіпті олардың кейбірінде проблемалы кредит те бар. Сондықтан да бұл ең алдымен азаматтардың төлем қабілеттерін дұрыс бағалау мәселесіне қатысты», - деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілші сауалына орай.

Сонымен қатар агенттік төрағасы алдағы уақытта қаржылық ұйымдар алдында қарызға батқан азаматтарға тағы да кредиттік амнистия берілмейтінін баса айтты. Қазақстанда 2019 жылы мұндай іс-шара қолданылды. Халықтың аз қамтылған санаттарының қарыздары кешіріліп, 500 мыңнан астам азаматтың шамамен 115 млрд теңге қарызы есептен шығарылды. Сонымен қатар 1,2 млн азаматтың шамамен 33,6 млрд теңге сомасындағы айыппұлдары мен өсімпұлы өтелді.

Соңғы жаңалықтар