Крещение рәсімі: СҚО-да мұздың жұқалығына байланысты Есіл өзенінде суға шомылуға тыйым салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл тұрғындары биыл Крещение мейрамында суға шомылу үшін Қызылжар ауданына баруы тиіс.

СҚО-да мұздың жұқалығына байланысты Есіл өзенінде суға шомылуға тыйым салынды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Прибрежное елді мекені маңындағы Черное көлінде арнайы орын әзірленбек. Бұл туралы өңірлік коммуниакациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды. 

Мамандардың айтуынша, Есіл өзенінде биыл мұздың қалыңдығы ортасына қарай небары 15-17 см ғана. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе аз. 

ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес мұз дұрыс қатпаған жағдайда өзен-көл бетіне топпен шығуға тыйым салынған. 

Сол себепті 19 қаңтар күні сағат 8.30 бен 17.00 аралығында Қызылжар ауданындағы Черное көлінде суға шомылуға жағдай жасалмақ. Бұл күні Петропавлдағы соңғы аялдама Пестрое көлінен Черное көліне дейін автобустар жүреді. 

Ал «қасиетті» суды тұрғындар облыс орталығындағы бес шіркеуден сағат 9.00 мен 21.00 аралығында ала алады. Сондай-ақ үш шіркеудің қасында суға шомылуға арнайы ыдыс әзірленбек. 

Бұған дейін маман суға түскенде қандай ережелерді сақтау қажет екенін түсіндірген еді. 

Соңғы жаңалықтар