Креслоға «отырғызып» кетті: алматылық компания зейнеткердің атынан несие рәсімдеген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Мүгедектігі бар Бердібек Бітібаевқа әлдебір компания массаж жасайтын креслоны сыйға тартамыз деп, кейін несиеге рәсімдеткен. Алданып қалған ол не тауарды қайтара алмай, не ақшаны төлей алмай дал. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрген еді.

«Көзіңізді тексеріп, көзілдірік береміз»
Өскемен қаласында тұратын Бердібек Бітібаев – ай сайынғы зейнетақысына күн көріп, қалт-құлт етіп отырған көп қазақтың бірі. Жасы 65-те. Бала күнінде биіктен құлаған оның ІІІ топтағы мүгедектігі бар.
«Әкемнің телефонына хабарласқан бейтаныс адам өзінің бір компанияда жұмыс істейтіндігін айтқан. Алматыдан Өскеменге келетіндіктерін, көзін тегін тексеріп беретіндіктерін, тіпті көзілдірік сыйлайтындықтарын жеткізеді. Тегін деген соң ол қуанып, келісілген уақытта барған. Қаладағы мейрамханалардың бірінде екінші қабаттағы кеңсені жалға алған компания қызметкерлері әкемді құтты қонақтай қарсы алыпты. Бірақ көз жайына қалып, массаж жасайтын креслоны көрсете бастаған», - дейді қызы Мадина Кәрімова.
Оның айтуынша, компания мамандары әуелде әкесіне массажерді, жастық пен көрпені сыйға тартатындықтарын жеткізген. Сәлден соң ол үшін креслоны жеңілдікпен сатып алу керектігін алға тартқан.
«Егер қолда ақшаңыз болмаса несиеге рәсімдеп бере аламыз. Банкке барудың қажеті жоқ. Тек осында қол қойсаңыз жеткілікті. Ай сайын 19 мың теңгеге жуық қана төлейсіз. Ал креслоның сіздің денсаулығыңызға берері мол. Ақшадан денсаулық қымбат қой» деп әкемнің басын айналдырып, қол қойғызып алған. Әкем құжат жағынан мүлде хабары жоқ, ішін ашып оқымаған. Көзі де дұрыс көрмейді. Көзілдірік береміз дегеннен кейін барып, несие арқалап келді. «Тегін ірімшік тек қақпанда» деп бекер айтылмаған ғой. Бірақ қызықтың көкесі бұл ғана емес екен», - дейді.
Арада бір айға жуық уақыт өткенде компаниядан хабарласып, «Несиені неге төлемей жатырсыз?» деген. Бердібек Бітібаев төлегенін айтқан. Сол кезде компания қызметкерлері оның 63 мың теңге сомасында екінші несиені төлеуі тиістігін жеткізіпті.
«Сөйтсек, әлгілер бір емес екі несие алғызып тастапты. Нақты сомасын айтсақ, біріншісі – 18 850 теңге, екіншісі – 63 333 теңге. Әкеме бұл туралы мүлде жақ ашпай, алдап қол қойғызады. Мен оларға «Бұлай болмайды! Тауарларыңызды қайтарып алыңыздар. Ашылмаған күйі тұр» деп едім, «Жоқ, тауарды тек 14 күн ішінде кері қайтара аласыздар. Ол мерзім өтіп кеткен» деп жауап берді. Әрбір қадамын алдын ала ойластырып алған компания қайтару мерзімі өткенін тосып барып әкеме хабарласты. Бұл алаяқтық емей немене?!» - дейді Мадина Кәрімова.
Ол полицияға арыз түсіргендерін де жеткізді. Бірақ тәртіп сақшылары іс қозғаудан бас тартқан.
«Сіз сатып алу және сату келісімшартын жасасып, қол қойғансыз. Құжатта несие туралы көрсетілген», - делінген қалалық ПБ Ертіс полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы А. Жұмекеновтің қолы қойылған жауап хатта.

Бердібек Бітібаев бізге «өзінің қол қойғаны үшін өкініштің күйігі көкірегін шоқтай қаритынын, барлығы қызының айтқанындай болғанын» растаудан басқа түк айта алмады. Қазірде ай сайын алатын зейнетақысы – 92 мың теңге. 18 850-ге 63 333-ді қоссаңыз 82 183 шығады.
«Несие төлесем азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, коммуналдық қызмет пен басқа да шығындарға қалған ақшаны қалай жеткіземін?» - дейді көңілін мұң торлаған зейнеткер.
Сотқа шағымдануға құқылы
Құжаттармен мұқият танысып шықтық. Компания атауы – «Vip Events» ЖШС. Орналасқан мекенжайы – Алматы қаласы. Басқа қалаларда бөлімшелері жоқ. Массаж жасайтын креслоны Бердібек Бітібаевқа 1 210 000 теңгеге сатыпты. Құжаттардың ішінде байланыс телефоны да көрсетілген. Соған хабарласып көрдік. Алайда бірнеше күн бойы қоңырау мүлде бармады. Мадина Бердібекқызынан компаниямен қалай байланысып жүргенін сұрағанымызда:
«Оларға өзің хабарласа алмайсың. Қоңырау бармайды. Тек өздері хабарласқан кезде ғана сөйлесеміз», - деп жауап берді.
Содан соң агенттіктің Алматыдағы тілшілері компанияның кеңсесіне барып көрді. Кеңсе расымен бар екен. Сейфуллин көшесінде орын тепкен сауда үйіндегі кеңседе бірнеше адам отырады. Алайда олар бұл сұрақтарға мүлде жауап бере алмайтындықтарын жеткізіп, «осында хабарласыңыз» деп ұялы телефон нөмірін береді. Ала сала қоңырау шалдым. Бірақ телефонды көтерген ер адам «ондай компанияны мүлде білмейтінін, мен нөмірді шатастырып алғанымды» айтты.
Осы ретте, заңгермен де байланысып, мән-жайды баяндап көрген едік.
«Зейнеткерлерге қысым көрсетіп, алдап немесе жалған ақпарат айтып қол қойдырып алған адам заң алдында жауап береді. Себебі, бұл алаяқтық болып саналады. Ол үшін жәбірленуші адамдар тұрғылықты мекенжайлары бойынша сотқа барып, арыз жазуы тиіс. Сотпен кінәсі дәлелденсе, Бердібек Бітібаевтың атына несие алған компания оған моральдық шығын ретінде соманы толықтай төлеп беруге міндетті», - деп түсіндірді заңгер Диана Шакимова.
Бердібек Бітібаев дәл осылай істейін деп отыр. Несиені төлемей, компания атына сотқа шағым түсірмек. Оқиғаның ары қарай қалай өрбитіні біздің назарымызда болады.