Криминалитеттің діни экстремистермен қосылуы түзеу мекемелеріндегі шиеленісті арттыруда - ҚР Ішкі істер министрі

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Криминалитеттің діни экстремистермен қосылуы түзеу мекемелеріндегі шиеленісті арттыруда.

Криминалитеттің діни экстремистермен қосылуы түзеу мекемелеріндегі шиеленісті арттыруда - ҚР Ішкі істер министрі

Бұл туралы бүгін Үкіметте 2012-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы қылмыстық атқару жүйесін дамыту бағдарламасының жобасын таныстырған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

«Коллониялардағы криминогенді ахуал, әсіресе соңғы жылдары барынша алаңдаушылық туындатып отыр. Бұл жерде жасалатын қылмыстар саны қысқарар емес. Мәселен, 2010 жылы Ақтауда 20-дан астам сотталушы топтасып қарумен қашты. Өткен жылы Балқаш колониясында  топтасып қарумен қашып шығуға әрекет жасалды. Коллониялардағы шиеленістің артуының басты себептерінің бірі криминалиттердің діни экстремистермен қосылуы болып отыр», - деді министр.

Оның пайымынша, қылмыстық-атқару жүйесі Әділет министрлігінің қарауында болған кезеңде тұтқындарды ұстау режімі әлсіреген. Сондай-ақ ішкі тәртіп ережелері бұзуға, мекеме әкімшілігіне бағынбауға, шектеу қойылған заттарды колонияға еркін алып кіруге жол берілген.

«Біз қылмыстық-атқару жүйесін қарамағымызға алғаннан кейін жаңа бақылау қызметін құрдық. Бақылаудың күшеюі нәтижесінде өткен жылы 11 млн. теңге, 10 мың ұялы телефон, 11 тонна ішімдік, шамамен 130 келі есірткі заттары және 12 мыңнан астам шанышқылы-кескіш зат алынды», - деді Қ.Қасымов.