Криптобиржалардың сауда айналымы 30 еседен астам өсті - Жасанды интеллект министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық майнингке қатысты бірқатар шектеу алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлім етті.
- 2022 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығымен және қаржы реттеушілерімен бірлесіп криптобиржаларды реттеу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстанда криптобиржалардың заңды әрі ашық жұмыс істеуіне қажетті реттеу жүйесі қалыптасты. Бүгінде Binance, Bybit, BigOne және WhiteBit сияқты ірі криптобиржалар осы жүйе аясында жұмыс істейді. Нәтижесі нақты көрсеткіштерден көрінеді. 2023 жылмен салыстырғанда 2025 жылы криптобиржалардың сауда айналымы 30 еседен астам өсті. Пайдаланушылар саны да 215 мың адамға дейін жетіп, 4 еседен астам артты. Бұл азаматтардың заңды және қолайлы жағдай жасалған кезде қазақстандық платформаларды таңдауға дайын екенін көрсетеді, - деді Ғ. Байтұрсынов.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда цифрлық активтер саласындағы заңнама едәуір жаңартылды. 2025 жылғы қарашада цифрлық майнингке қатысты бірқатар шектеу алынды.
– Өндірілген цифрлық активтердің 75%-ын «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржалары арқылы міндетті сату талабы жойылды. Майнерлерге контейнерлік шешімдерді пайдалануға рұқсат берілді. Сондай-ақ майнерлердің тек бір ғана қызмет түрімен айналысу талабы жойылды. 2026 жылғы қаңтарда цифрлық активтердің жаңа түрлерін реттеу енгізілді. Оған цифрлық қаржылық активтер, стейблкоиндар, криптопровайдерлер және платформа операторлары кіреді. Алғашқы кезеңде нарықты реттеу міндеті шешілді. Қазір негізгі басымдық оны дамытуға беріліп отыр, - деді вице-министр.
Бұған дейін Қазақстанда криптоамнистия мен майнингке қатысты жаңа ережелер ұсынылғанын жазған едік.