Криштиану Роналду 3 жасар жетім баланың арманын орындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал футболшы Криштиану Роналду 3 жасар ливандық Хайдар Мұстафаның арманын орындады. Бүлдіршін «Реал» клубының мерекелік дастарханынан дәм татып, «Райо Вальеканоға» қарсы ойынын құрметті қонақтар отыратын орыннан тамашалады, деп жазады massaget.kz.

Криштиану Роналду 3 жасар жетім баланың арманын орындады

Қараша айында Ливан астанасы Бейрутта болған лаңкестік әрекеттен кейін Хайдар Мұстафа ата-анасынан айырылып, ауыр жарақат алған. Кейіннен жергілікті тілші Рана Харби twitter әлеуметтік желісі арқылы #CristianoMeetHaidar деген хэштегпен флешмоб ұйымдастырған. Нәтижесінде, португалдық футболшы флешмобты ескеріп, жетім қалған баланы Мадридке арнайы шақыртыпты.

3 жасар Хайдар Мұстафа «Реал» клубына жанкүйерлік танытып, үздік ойыншысы ретінде Криштиану Роналдуды бағалайды екен. Мерекелік кеш кезінде ливандық бүлдіршінді клуб президенті Флорентино Перес те құшағына алып, ерекше ілтипат танытты. Сондай-ақ клуб жейдесін сыйға тартты.

Ал кей испан басылымдары таратқан ақпарат бойынша, Роналду Хайдар Мұстафаға құны 580 000 АҚШ долларын құрайтын Rolls-Royce автокөлігін сыйлаған.

Айта кетейік, 12 қарашада Бейрутта болған жарылыста 43 адам қаза тауып, 239-ы жарақат алған болатын.