Криштиану Роналду ұлттық құрамадан шеттетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Португалия футбол федерациясы «Алтын доптың» бес дүркін иегері Криштиану Роналдуды ұлттық құрама сапынан уақытша шеттету туралы шешім қабылдады. Бұған футболшының командадан өз бетінше кетуі себеп болған, деп хабарлайды Report.

Роналду
Фото: cristiano / instagram

Роналдудың командадан кетуіне Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезушпен арадағы жанжал себеп болған.

Португалия футбол федерациясының тәртіптік ережесіне сәйкес, ұлттық құрама орналасқан жерден рұқсатсыз кеткен ойыншы бір айдан 6 айға дейін ойындардан шеттетілуі мүмкін. Сонымен қатар оған 500-ден 1 000 еуроға дейін айыппұл салынады.

Роналду жаттығу жиынының ортасында ұлттық құрамадан кеткен. Футболшының айтуынша, Жезуш оған берген уәдесін екі рет орындамаған.

Португалиялық ойыншы Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы Уэльске қарсы алғашқы матчқа қатысып, командасының 1:0 есебімен жеңуіне үлес қосты. Алайда Норвегияға қарсы кездесуді (2:1) қосалқы құрамда өткізді.

Роналдудың түсіндіруінше, бастапқыда оны Норвегияға қарсы матчқа қатыстыру жоспарланбаған. Дегенмен жаттықтырушы алаңға шығуға дайын болуын сұрап, ойыншыны 30 минуттан кейін қосалқы құрамнан шығаруға әзірленуді тапсырған. Роналду тіпті алаңға шығар алдында бой жазу жаттығуларын да жасағанымен, бапкер оны ойынға қоспаған.

Бұған дейін Роналду жанкүйерлерінен кешірім сұрап, ұлттық құрамадағы мансабын аяқтамайтынын мәлімдеген еді.