Кісі өлтірген: Талдықорғанда іздеуде жүрген қылмыскер Щучьеден табылды

полиия
Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Бұрын кісі өлтіргені үшін сотты болған қылмыскер Ақмола облысы аумағында жасырынып жүрген жерінен ұсталды.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыскерді Криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Щучье қаласы аумағында қолға түсірген. 

«Ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша бұрын сотталған, пробациялық бақылаудан жасырынғаны үшін Талдықорған қалалық полиция басқармасы тарапынан іздеу жарияланған. Қазіргі кезде ол қамауға алынды», - деді ведомстводан.

Жалпы, «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері (21 наурыздан бастап) Ақмола облысында 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 150 қоғамдық орындарда алкогольдік мас күйде болу, 176 ұсақ құқықбұзушылық, 143 кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болу дерегі.

Патрульдік полиция батальоны мен ротасының қызметкерлері масаң күйде автокөлік басқарған 36 жүргізушіні және жылдамдықты шамадан тыс асырған 1 мыңға жуық адамды ұстады.

Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 2 мың 687 адамды тексерді. Акция наурыздың 31 - не дейін жалғасады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында іздеуде жүрген 5 қылмыскер ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар