Кселл-ге әкімшілік іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның монополияға қарсы органы «Кселл» АҚ-ның үстем жағдайды теріс пайдалануына қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Мұндай ақпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Фейсбуктегі ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомство мәліметінше, тұтынушы шағымының мәні «Кселл» АҚ-ның «Алға-1» тарифтік жоспары бойынша интернетке қол жеткізу лимиті асып түскеннен кейін 30 мың теңгеден астам соманы есептен шығарғаны және интернетке қол жеткізу үшін 1 Мб үшін 20 теңгелік тариф бойынша төлемақы алғаны себеп болған. Бұған қоса, ұялы байланыс операторы бұл жайында тұтынушыға хабарламаған.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша «Кселл» АҚ-ның әрекеттерінде kcell тауар белгісі бойынша ұялы интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде абоненттердің заңды құқықтарына қысым жасайтын тарифтік жоспарлар шартын белгілеуден туындайтын үстем жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталды. Нәтижесінде «Кселл» АҚ-ға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа қарау үшін жіберілді.
«Үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін тергеп-тексеру нысанына монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің 5 пайызы мөлшерiнде айыппұл салынады. Мұнан бөлек, «Кселл» АҚ-ға Кәсіпкерлік кодекстің нормаларын бұзушылықты тоқтату және тұтынушыларға қаражатты қайтаруды қоса алғанда, олардың салдарларын жою туралы нұсқама шығарылды», - деп атап өтеді министрлік.