Кіші Аралда заңсыз балық аулағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада өтіп жатқан «Уылдырық-2025» жедел профилактикалық іс-шарасының алғашқы 14 күнінде 3 қылмыс анықталды.

Кіші Аралда заңсыз балық аулағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары полицейлермен бірге 14 сәуір күні Арал ауданы Шөмішкөл елді мекенінің екі тұрғынын Кіші Арал теңізінің «Көкарал» бөгеті аумағында заңсыз балық аулап жүрген жерінен ұстады.

Тексеру барысында «Меркурий-15» үлгісіндегі «Прогресс» моторлы қайық, ау құралы, салмағы 275 келіден асатын бірнеше түрлі балық айғақ зат ретінде алынды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, балық аулау, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу бойынша 57 әкімшілік құқық бұзу дерегі тіркелді. 

«Сырдария өзенінде 1 сәуір-31 мамыр аралығында, барлық су айдынында 20 сәуір-10 маусым аралығында, сондай-ақ Кіші Арал теңізінде 1 мамыр-10 маусым аралығында Қызылорда облысының аумағында көктемгі балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбею кезеңі өтеді. Осы уақытта балық аулауға тыйым салынады», - делінген ведомство хабарламасында. 

Акция аясында рейдтік іс-шаралар, су айдындарының мониторингі және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын тексеру жоспарланған.

Айта кетейік, Қызылордада жыл басынан бері 118 интернет алаяқтық дерегі тіркелді.

Соңғы жаңалықтар