Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес — экс-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Бұрынғы Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев Көкарал бөгетін 2 метрге көтеруді ұсынып отыр. Су шаруашылығы саласының ардагері Солтүстік Арал теңізін сақтаудың өз нұсқасын таныстырды. Оның айтуынша, Кіші Аралға 30 млрд текше метрден артық су жиналмайды.

Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес — экс-министр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

— Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес. Су мол келгеннің өзінде 30 млрд-тан артық жинай алмаймыз. Себебі, Сырдарияның жалпы су көлемі 37 млрд текше метр. Бүгінгі таңда өзен бойындағы 4 мемлекеттің суға деген сұранысы 3 есе артып кетті. 100 млрд су сұрап отыр. Халық саны көбейіп жатыр, жаңадан зауыт-фабрикалар салынып жатыр, елді мекендер бой көтеріп жатыр. Одан артық су келеді деген бос әңгіме, — деді бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев.

Су саласының ардагері Сырдария өзенінің су көлемі тұрақты емес екенін де айтады. Тіпті 4-5 жыл қатарынан суы аз жылдар циклі қайталанып отырған.

— Мен «Кіші Арал» жобасын 1988 жылы бастағанмын. 2006 жылға дейін Арал теңізінен бір де бір шабақ ауланған жоқ. Балықшылардың бәрі жан-жаққа көшіп кетті. Біз 12 шақырым бөгетті салғалы теңіздің су тұщыланып, қазір жылына 8-10 тонна балық аулайтын болды. Арал қаласында 8 балық зауыты салынды. Бөгет өзінің керек екенін дәлелдеді. Енді тек сол бөгетті 2 метрге көтеріп, беріктігін нығайту керек, — деді Қазақстанның Еңбек сіңірген гидротехнигі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда министрлік Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының бірнеше нұсқасын пысықтап жатыр. Осыған қатысты Арал ауданының тұрғындарымен қоғамдық талқылаулар өтті. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына, судың тұздылығының төмендеуіне және теңіз бассейніндегі экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.

Айта кетелік елімізде сирек жер ресурстарымен жұмыс істейтін геологтерді даярлауға басымдық беріледі.

 

Соңғы жаңалықтар