Кіші Талдыкөл маңында экопарк құрылысы қашан басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Кіші Талдыкөл төңірегіндегі дау бойынша сот шешімі шығып, бірқатар көлді сақтау және жағалауда инфрақұрылым салу міндеті бекітілді. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Jibek joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында мәлім етті.

Кіші Талдыкөл
Фото: egemen.kz

Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда сот шешіміне сәйкес бірнеше көлді сақтау және олардың маңын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Уәде
Фото: Дияр Бексұлтанов

– Кіші Талдыкөл төңірегіндегі дау үш жыл бұрынғыдай емес, қазір ондай мәселе жоқ. Сот шешімі шықты, бірнеше көлді сақтау міндеттелді және көлдердің жанынан инфрақұрылым салуға міндеттіміз. Келесі аптада 5-ші және 7-ші көлдің маңында экопарк құрылысын бастаймыз. Құрылыстың 70 пайызы биыл, қалған 30 пайызы келесі жылы жүргізіледі. Жалпы жобаны келесі жылдың күзіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді әкім.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек Үлкен Талдыкөлдегі су көлемінің артып келе жатқанын атап өтті.

– Үлкен Талдыкөлде су көлемі жыл сайын көбейіп жатыр. 2023 жылы шамамен 3 млн текше метр болса, былтыр 5 млн текше метрден асты, – деді ол.

Әкім елорданың экологиялық ахуалы мен газдандыру жұмыстарына да тоқталды.

– Экологияға қатысты газ мәселесі бар. Біздің жоспар бойынша биыл тұрғын аудандар толық газбен қамтылады. ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 газға көшірілді, ал ЖЭО-3 тек газбен жұмыс істейді. Жаңа станциялар да тек газ негізінде іске қосылады. Қазір қала толық газбен қамтылып отыр. Болашақта қалаға жылына 1 млрд текше метр газ қажет болады, министрлік жоспар бойынша осы көлемде газ беруді қарастырып отыр, – деді Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, кіші Талдыкөл орнында салынатын экопарк құрылысына 4,5 млрд теңге жұмсалмақ.