КСРО халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевты еске алу кеші өтеді

1931 жылы Алматы облысының Талғар қаласында өмірге келге сахна саңлағы 1989 жылы 58 жасында дүниеден өткен еді. 1954 жылы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы қазақ студиясын бітірген өнер шебері сахналық дебютін М.Горькийдің драмасы бойынша қойылған спектакльдерде Тетерев пен Егор Булычев ("Тоғышарлар", "Егор Булычев және басқаларында") рөлінен бастады. 1954 жылдан өмірінің соңына дейін қазақ драма театрында үздіксіз қызмет еткен өнер майталманы театр сахнасында М.Әуезовтің "Еңлік-Кебегіндегі" Есенді, "Абайында" Абайды, Ғ.Мүсіреповтің "Ақын трагедиясындағы" Мылқауды (Балуанды), "Қозы Көрпеш - Баян сұлуында" Қарабайды, Э.Раннеттің "Адасқан ұлындағы" Март Туйскіні, Қ.Мұхамеджановтың "Жат елдесінде" Құрбанды, Қ.Бекхожиннің "Ұлан асуындағы" Абылайды, Ә.Нұрпейісов пен Ә.Мәмбетовтің "Қан мен теріндегі" Кәленді, Шекспирдің "Асауға тұсауында" Отелло, Петруччио, Лопе де Веганың "Қызғаныштан махаббатында" Теодоро, Иоселианидің "Арбаң аман болсынында"Агабоны шеберлікпен сомдады.
Ыдырыс Ноғайбаев кино өнерінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Оның ішінде "Мазасыз көктемде" (1955), "Ботакөзде" (1958), "Өмір жолында" (1959), "Асуда" (1963), "Алғашқы мұғалімде" (1964), "Шыңдағы шынарда" (1965), "Қилы кезеңде" (1966), "Қыз Жібектегі" (1970) рөлдерін ерекше атап өтуге болады. Қазақ өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін 1966 жылы ҚазКСР халық әртісі, 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1970 жылдан бастап Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлер факультеті мен республикалық эстрада студиясында ұстаздық қызметпен шұғылданған профессор Ы.Ноғайбаев көптеген өнер шеберлерін дайындап шығарды.