ҚСЗИ 4 жыл қатарынан әлемдегі жетекші орталықтар рейтингіне енді

Бұл рейтинг «Аналитикалық орталықтар және азаматтық қоғам» бағдарламасы аясындағы әлемдегі беделділерінің бірі.
Биылғы жылы америкалық университет 2018 жылғы 8162 сараптамалық орталықтың қызметіне талдау жасаған, оның 31-і Қазақстанға тиесілі.
2018 жылдың соңында «Әлемдегі жетекші сарапшылық орталықтар (АҚШ зерттеу орталықтарын қоспағанда)» жаһандық рейтингте ҚСЗИ әлемнің 8162 орталықтың арасында 142-орынды иеленді.
2016 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ белгілі санаттар мен бағыттар бойынша жаһандық рейтингке енгізілген болатын. Ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша 2016 жылы ол әлемдегі ең мықты 150 «аналитикалық орталықтардың» тізіміне кіріп, алғаш рет 6 846 жаһандық ғылыми орталық арасында 147-орынды еншіледі. Ал соңғы үш жылда рейтингке қатысатын аналитикалық орталықтардың саны 1316-ға жетті.
Айта кетер жайт, ҚСЗИ бұған қоса Пенсильвания университетінің «Global Go To Think Tank Index Report» негізгі рейтингіне енген жалғыз қазақстандық орталық.
Еске сала кетсек, рейтингте 55 түрлі номинация бар, олар өз кезегінде 4 негізгі топқа біріктірілген. «Орталық Азиядағы жетекші аналитикалық орталықтар» тобында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ Экономикалық және әлеуметтік даму орталығынан (Әзербайжан) кейін екінші орынды иемденді.
Жалпы алғанда, Пенсильвания университетінің «Global Go To Think Tank Index Report» рейтингінде қазақстандық аналитикалық орталықтардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткен жөн.
Рейтинг экономикалық және саяси зерттеулер саласындағы 4 мыңнан астам журналистің, саясаткердің және сарапшының қатысуымен жүргізілетін зерттеу нәтижелері бойынша бағаланады.
Пенсильвания университетінің жіктеу рейтингіне сәйкес Кавказ мемлекеттері: Әзербайжан, Армения, Грузия , сондай-ақ Ауғанстан Орталық Азия елдерінің тобына жатады.