ҚСЗИ: Қазақстанды Ресей мен батыстың арасындағы экономикалық қақтығыстарға тарту - бірден-бір қауіп
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанды Ресей мен батыстың арасындағы экономикалық қақтығыстарға тарту бірден-бір қауіп болып табылады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне өткен брифингте Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Украина дағдарысы шеңберіндегі Ресейге жасалып жатқан санкциялардың салдарын, оның ішінде Қазақстан экономикасына ықтимал әсерін зерттеп, бірқатар қорытындыға келіп отыр.
«Мұндай ықтимал әсерлерді екі бағытта қарастыруға болады. Біріншіден, Ресей мен батыстың арасындағы байланыстың нашарлауы Қазақстан экономикасына Еуразиялық экономикалық одақ аясында әсер етуі ықтимал. Бұл ретте Ресейдің жауап ретіндегі санкция салатын елдерімен тауар айналымы айтарлықтай қысқаратыны белгілі. Әрине, Ресей батыс санкцияларына «жауап» қатса, ондай «жауаптарының» географиясы да кеңейе түссе, сосын Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерінен мұндай қадамды қолдау сұралса, осының өзі Қазақстанның мүддесіне қайшы келуі де мүмкін. Сондықтан да, бұндай сценарий негізінде Қазақстанды Ресей мен батыстың арасындағы экономикалық қақтығыстарға тарту бірден-бір қауіп болып табылады», - деді Л. Мұзапарова.
Оның сөзіне қарағанда, Ресей мен батыстың өзара экономикалық қақтығысының басқа бағыттарында Қазақстан экономикасына әсері болғанымен, айтарлықтай қауіп күтілмейді. Ал Ресей мен батыстың арасындағы қарама қайшы санкциялардың ушығуы, соның салдарының әлемдік экономика арқылы Қазақстанға әсері ең бірінші кезекте әлемдік қаржы нарығындағы сегменттер аясында байқалуы мүмкін.
«Өйткені, қазіргідей санкциялар алмасу бүкіл әлемдік экономиканың тежелуіне әсер етпей қоймайды. Соның ішінде санкциялар нәтижесінде ағымдағы жылы Ресей экономикасында стагнация (тұралау) жалғасатыны, ал еуропалық экономиканың шығыны 2 жылда 100 млрд доллар шамасында немесе Еуропа экономикасының ІЖӨ-дегі 0,3 пайызына тең болатыны болжанып жүр. Бұл аз көрсеткіш емес. Мұндай бағалауға сүйенсек, екі тараптың қарама қайшы санкциялары салдарынан әлемдік экономика шамамен 0,1 пайызға жуық шығынға ұшырайтыны болжанады», - деді Л. Мұзапарова.