ҚСЗИ: Президент Жолдауы - жүзеге асырылып жатқан реформалардың заңды жалғасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел Президентінің бүгінгі Жолдауы - Қазақстанда осы уақытқа дейін жүзеге асырылып жатқан реформалардың заңды жалғасы. Елбасы Жолдауы туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Ләззат Нұрқатова осылай пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Менің ойымша, Қазақстан Президентінің Жолдауын бұрын да белгіленген реформалардың, атап айтқанда «Ұлт Жоспары: 100 нақты қадам», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының заңды жалғасы деп айтуға әбден болады», - дейді Ләззат Нұрқатова.
Сарапшы сонымен бірге, Мемлекет басшысы өз Жолдауында күн тәртібінде тұрған 10 міндетті белгілеп бергенін атап өтті.
«Мен агроөнеркәсіп кешені мен көлік-логистикалық кешеннің дамуына ерекше назара аударар едім. Бұл бағыттар халықтың жұмыспен қамтылуына және экономиканың дамуына ерекше серпін береді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы банк секторының қайта жаңғыртылуын есепке алуды қадап айтты. Демек, халыққа қаржылық қызмет қалай көрсетіліп жатқанына бүгінгі таңда маңыз беруіміз керек. Президент сондай-ақ, қарапайым азаматтардың қажеттілігі үшін несиелік бағдарламаларды кеңейтуді тапсырды. Бұған қоса әлеуметтік саясат пен адами капиталға да ерекше ден қойып отыр», - дейді Ләззат Нұрқатова.
Оның айтуына қарағанда, ҚР Президенті төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында әлемдік технологиялар көшінен Қазақстанның қалмауына баса маңыз бергенін ерекше айта кеткен дұрыс.
«Барлық білім бағдарламалары мен мұғалімдердің мәртебесін арттыруды қарастыру керек. Бүгінгі күні мұғалімдердің айлығы төмен екені ешкімге құпия емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2016-2017 жылы мұғалімдердің, дәрігерлердің, мемлекеттік қызметкерлерге берілетін әлеуметтік көмектің үш есеге көбейтілгенін, сонымен қатар зейнетақы мөлшері артатынын тілге тиек етті. Мұғалімдердің айлығы біліктілігінің артуына байланысты 30-дан 50 пайызға көбейетіні айтылды», - дейді ол.
Сарапшының пікірінше, әлеуметтік салада цифрлық технологияларды дамытудың маңызы зор.
«Әлеуметтенуші ретінде Мемлекет басшысының адами капиталға, жастарға қолдау білдіруге көп көңіл бөліп отырғаны қуантады. Себебі, білім бағдарламасы ең алдымен ұрпақтың қамы үшін жасалып жатқан шаруа. Бұл логикалық тұрғыдан нақты жүйеленген мемлекеттік саясат жаһандану дәуірінде адамның қабілетін ұштай түсері сөзсіз. Мемлекет басшысының саясаты қазіргі қазақстандық тұрғындарды еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай, жоғары айлықпен, өз отбасын қамти алатындай жағдайға бағытталып отыр», - деп түйді Ләззат Нұрқатова.