«Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Qazaq Creative ұйымдастыратын «Автормен кездесу» әдеби жобасының кезекті жиыны өтті.
Қатысушылар көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романын талқылады. Шығармада суреттелген тарихи кезең, ел басқару мәселелері мен кейіпкерлердің образдары жөнінде пікір алмасты.
Кездесуге сарапшы ретінде әдебиеттанушылар Бақтыбай Жайлау мен Әнуарбек Бимағамбет шақырылды. Олар романның көркемдік ерекшеліктерін талдап, тарихи мазмұны мен бүгінгі оқырман үшін маңызын түсіндірді. Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Іс-шарада әдеби мұра, ел тарихы мен ұлттық құндылықтар туралы ойлар ортаға салынды.
«Автормен кездесу» жобасы отандық әдебиетті насихаттауға, жастарды кітап оқуға баулуға және оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, жоба аясындағы алғашқы кездесу жазушы, драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың қатысуымен өтті.
Айта кетейік, Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны мен бейнебаяны жарық көрді. Туынды кітап оқу мәдениетін дәріптеп, білімнің қоғам дамуындағы маңызын насихаттауға бағытталған.