«Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу жалғасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу жүріп жатыр. Жобаға мектеп оқушыларынан бастап студенттер, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер мен тұтас отбасылар қатыса алады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет хабарлады.

«Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу жалғасып жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Марафон қатысушылардың жасына және әлеуметтік санатына қарай жеті бағыт бойынша ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Кітап оқитын мектеп» бағытына 6-10 сынып оқушылары, «Кітап оқитын колледжге» колледж студенттері, «Кітап оқитын университетке» жоғары оқу орындарының студенттері, «Кітап оқитын педагог» бағытына мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары қатыса алады. Ал «Кітап оқитын әулет» отбасылық командаларға, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» мемлекеттік қызметшілерге арналған. Ал «Кітап оқитын зияткер» бағыты бойынша жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайды.

Қатысушыларға ортақ талап — арнайы іріктелген кітаптарды оқу. Әр қатысушы 330 кітаптан тұратын қордан 15 шығарма оқуы қажет.

«Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу жалғасып жатыр
Видеодан алынған кадр

— Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Тізімге отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Кітаптарды іріктеу кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысымен «100 кітап» тізіміне енген шығармалар мен әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы лауреаттарының туындыларын қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді, — деді Алмаз Мырзахмет Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Іріктелген шығармаларды оқу үшін қатысушыларға бірнеше ай уақыт беріледі. Марафонның негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйекте басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде олар кітаптарды оқып, жеке кабинеттерінде шығармалар туралы қысқаша пікірін жариялап отырады. Оқу кезеңі аяқталған соң қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Қатысушылардың білімі мен оқу нәтижелері қорытынды кезеңде сараланып, жеңімпаздар анықталады. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар қарастырылған.

— І орынға — 600 000 теңге, ІІ орынға — 450 000 теңге, ІІІ орынға — 300 000 теңге табысталады. Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады, — деді спикер.

Марафонның ауқымы биыл кеңейіп отыр. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Негізгі мақсат — қазақстандықтардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, елді әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына қосу.

Айта кетейік, жоба бұған дейін Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында пилоттық режимде өткізіліп, 189 мыңға жуық адамды қамтыған. Енді марафонға 2 миллионға жуық тұрғынды тарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде оған миллионнан аса адам қызығушылық танытқан.

Бұған қоса жақында Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі қытай жазушысы Мо Янь «Кітап оқитын ұлт» қатысушыларына үндеу жолдап, қазақстандық оқырмандарға шабыт тілеген еді.