Кітапханада жаңа кітап қалмады: астаналық оқушы 800 кітап оқыған
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы 9-сынып оқушысы Вероника Анисимова Астананың № 8 балалар кітапханасындағы 800 кітапты оқып, ондағы кітап қорының басым бөлігін парақтаған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Верониканың кітапқа деген қызығушылығы бір шығармадан басталған. Үшінші сыныпқа дейін кітап оқуға аса қызықпаған оқушыға таныстарының бірі отбасысына Памела Трэверс жазған «Мэри Поппинс» повесін берген. Кітап қыз балаға қатты әсер етіп, араға жарты жыл салып анасымен бірге № 8 балалар кітапханасының жанынан өтіп бара жатқанда, шығарманың жалғасын іздеу үшін ішіне кіреді. Осылайша оның кітап оқуға деген қызығушылығы басталған.
— Бұрын кітап оқуды мүлде ұнатпайтынмын. Үшінші сыныпта «Мэри Поппинсті» оқығаннан кейін кітапқа қатты қызығып кеттім. Көбіне демалыс күндері кешке кітапханаға анаммен бірге барамын. Кітаптарды алып, үйге қайтамыз. Мен оларды үйімде және мектепте оқимын, — деді Вероника Анисимова.
№ 8 кітапханаға тұрақты барып жүрген жылдар ішінде 9-сынып оқушысы ондағы оқуға болатын шығармалардың барлығын дерлік оқып шыққан. Вероника оқыған кітаптарының арнайы тізімін жүргізбеген. Оқыған шығармаларының саны көп екенін кітапхана сөрелерінен өзіне таныс емес жаңа кітаптарды таппай қалған кезде ғана аңғарған.
— Мен оқыған кітаптарымды ешқашан санап көрген емеспін. Бірақ сүйікті кітапханамда оқитын жаңа кітап қалмағанының өзі көп нәрсені аңғартады. Мен кітаптың санына аса мән бермеймін, өйткені мен үшін оның сапасы маңызды. Нақты бір сүйікті кітабым да жоқ. Себебі әр кітап әртүрлі әсер мен эмоция сыйлайды және әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар, — деді мектеп оқушысы.
Қазір Вероника орыс және шетел классиктерін оқуға басымдық береді. Гоголь, Чехов және Достоевскийдің шығармаларын сүйіп оқиды.
— Маған кітап оқыған ұнайды, өйткені бұл — қызықты әрі ерекше оқиғаларға толы басқа әлемге еніп кеткендей әсер береді. Кітап арқылы айналамдағы әлемді де, өзімді де танып-білемін. Маған адамдар мен олардың тағдыры туралы шығармаларды оқу ерекше ұнайды. Әсіресе Чеховтың шығармаларын жақсы көремін. Оның тілі қарапайым әрі сатиралық әңгімелерінің сюжеттері қызықты, — дейді оқу озаты.
Вероника кітаптарын сабаққа да өзімен бірге алып барып, сабақ басталғанға дейін оқитынын тілге тиек етті.
Кітап оқудан бөлек, мектеп оқушысы шығармашылыққа да қызығады. Ол сурет салуды, қолөнермен айналысуды, тоқуды, бисер тоқуды және макраме жасауды ұнатады. Болашақта Вероника өмірін нақты ғылымдармен байланыстырып, математика пәнінің мұғалімі болуды жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын Қазақстан халықаралық кітап байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болғанын жазғанбыз.