ҚТЖ Әлия Назарбаеваның компаниясынан неге бас тарта алмай отыр

қазақстан темір жолы
Фото: Kazinform

«Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның компаниясымен неліктен жұмыс істеп отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚТЖ басшысына «Әлия Назарбаеваға тиесілі «Инстант Пейментс» компаниясымен қарым-қатынасты үздіңіздер ме?» деген сұрақ қойылды.

«Біріншіден, бұл проблеманың ұзаққа созылғанын білесіздер. Осы мәселе туындаған кезде жоғарыда аталған акционер (Ә. Назарбаева – ред.) бірден акционерлер құрамынан шықты. Яғни, ол жоқ. Бірақ, министр Бағдат Мусин осында қасымда отыр, ол қазір-ақ компаниямен келісімшартты бұзуға болатынын біледі. Бірақ одан кейін біз онлайн сатып алу қызметін ұсына алмай қаламыз. Демек компанияны осылай бірден жұлып алып тастау мүмкін емес. Бірақ қазіргі уақытта құзыретті беру актісі жүріп жатыр – ашық конкурс өтті, белгілі бір компания жеңіп алды және қазір "Инстант Пэймент" ЖШС-ден осы қызметті конкурста жеңіске жеткен жаңа компанияға тапсыру жүріп жатыр. Бұл процесс 1 желтоқсанда аяқталады», - деп жауап берді Н. Сауранбаев.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолының» қызметіне көп шағым түскенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар