ҚТЖ Астана вокзалында аспалы қалқаның құлау себептерін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» АҚ Астана вокзалында аспалы қалқаның құлауының алдын ала себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін сағат 14:15-те Астана теміржол вокзалының перроны аумағы 40 шаршы метр болатын қалқа опырылып, № 376 «Астана-Лениногорск» пойызының вагонын жанап өтті. Айта кету керек вагон мен пойызға зақым келген жоқ. Жолаушылар мен вокзал қызметкерлері арасында ешкім жапа шекпеді. Аталмыш қалқаның құлау себептеріне келетін болсақ, өздеріңіз білесіздер, кеше Төтенше жағдайлар комитеті Астанада желдің секундына 25-30 метрге дейін қатты ұйытқуы және қардың көп түсуі себебінен ескерту жолдаған болатын. Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Жеке құрамның 100-ге тарта адамы мен 3 техника тартылды. Аталмыш жұмыстарды 2 сағаттың ішінде аяқтау жоспарлануда», - деді «ҚТЖ» АҚ Вокзал шаруашылығы департаментінің директоры Жұбан Көрпебаев.
Айта кетейік, Астана вокзалында аспалы қалқанның құлауына байланысты сот алдындағы тергеу жұмыстары басталды.
Бүгін сағат 14:15-те желдің қатты ұйытқуы және қардың көп түсуі салдарынан Астана теміржол вокзалының перронында аумағы 40 шаршы метр болатынқалқа опырылып , № 376 «Астана-Лениногорск» пойызының вагонына құлап түсті. Вагон мен байланыс желісіне зақым келмеді.
Зардап шегушілер жоқ. Бұл оқиға пойыздардың қозғалысына кедергі келтірмеді.