ҚТЖ басқару саласына кадр қорын жасақтауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқару саласындағы кадрлық қорында тіркелген алпыс маман біліктілігін көтерудің оқу курсынан өткізілді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

ҚТЖ басқару саласына кадр қорын жасақтауда

«Болашақ басшылар басқарудың, оның ішінде, жоспарлау, қарамағындағылардың атқарушылық тәртібі деңгейін көтеру, жетекшілік міндетін дамыту, еңбеккерлердің сеніміне кіру секілді маңызды бөлігін меңгерді.

Бастысы, компанияның құндылықтарын сақтай отырып, оның корпоративтік тәртібіне бағынып, кез-келген жағдайда бәсекелестікке сай іскерлік әрекет етуге мән беріледі», - делінген хабарламада.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы  - Теміржол көлігі персоналын дамыту мен бағалау орталығының» директоры М. Марасиловтың айтуынша, «болашақ басшыларды даярлаудың маңыздылығы сонда, оларды қазірдің өзінен өндірістегі жаңа инновациялық технологиялармен жаңғыртылған жағдайда басқаруды жүзеге асыруға бейімдеу болып табылады».

Темір жол компанияның кадр саясаты аясында әлеуметтік міндеттемелерін тұрақты орындап, кадр қорын жасақтауды үзіліссіз атқарып келеді.

2017 жылға арналған еңбеккерлердің біліктілігін көтеру жоспарына сәйкес, өндірісшілер көлік-логистикалық холдинг қызметіне қатысты барлық салада оқытылатын болады.