ҚТЖ-да жемқорлықпен күрес кеңсесі ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жемқорлық деректерінің алдын алу үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының базасында «Адал жол» офисі ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Данияр Сабырбаев мәлімдеді.
«Қазіргі таңда кеңсені ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Келесі апта жұмысын бастайды деп жоспарлап отырмыз. Офис тікелей агенттікке бағынады. Қазақстандық компаниялар базасында жемқорлықпен күрес жүргізетін мұндай кеңсе бұрын соңды болмаған», - деді департамент директоры Данияр Сабырбаев.
Сонымен қатар, департамент басшысы агенттіктің теміржол билеттерінің заңды сатылуына қатысты тексеріс жүргізгенін атап өтті.
Оның айтуынша, «алып-сату» әдісі арқылы жолаушыны билетсіз кез келген өңірге жібере алатын «көмекшілер» анықталған. Заңсыз тасымалдаушылар теміржол билеттерін нарық бағасынан 50% қымбатқа сатқан.
«Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі теміржол тасымалы саласындағы жемқорлықпен жүйелі түрде күресу үшін «Қазақстан темір жолы» АҚ базасында «Адал жол» жобалық кеңсесін ашпақ», -деді ол.