ҚТЖ еліміздің бірқатар өңірінде жолаушылар пойызының кешігу себебін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан темір жолы» компаниясы еліміздің бірқатар өңірінде жолаушылар пойызының кестеден кешігу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Инфрақұрылымды жаңғырту және қазіргі жағдайда күтіп ұстау бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін ҚТЖ пойыздар қозғалысы жылдамдығына уақытша шектеу енгізді. Бұл жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс кестесінің сақталуына ықпал етеді. Астана-Алматы, Алматы-Петропавл, Шымкент-Астана, Жезқазған-Алматы, Алматы-Орал бағыттарындағы пойыздар кешігуі мүмкін. Компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрайды және орын алған жайтқа түсіністікпен қарауды өтінеді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ жөндеу жұмыстары жаппай жүргізілген жағдайда жолаушылар пойызының нормативтік кестесін сақтау бойынша күнделікті іс-шаралар қабылдайды», - деп атап өтті компаниядан агенттік тілшісіне.
Компания мәліметінше, қазіргі уақытта темір жол инфрақұрылымын жөндеу жұмыстарының ауқымы ұлғайтылған. Биыл 1,1 шақырымнан астам жолды жөндеу көзделіп отыр. Оның барысында 108 мыңнан астам шпал ауыстырылып, 634 бағыт ауыстыру жиынтығы жаңартылады.
Ауқымды жұмыстар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Абай және Алматы облыстары аумағында жүргізіліп жатыр. Мәселен, Аршалы-Бабатай учкаскесінде рельс тіректері мен бағыт ауыстыру жиынтықтары толығымен жаңартылады.
Мойынты-Қарағанды-Астана учаскесінде де кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, магистралдық желінің Жамбыл бөлімшесіндегі учаскеде жолды күрделі және күшейтілген орташа жөндеу аяқталды.