ҚТЖ қомақты қарызын жабу үшін тарифті өзгертпек

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2024–2026 жылдар аралығында теміржол жүк тасымалы тарифтерін жыл сайын 24 пайызға көтеру арқылы қарызын өтеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорынан мәлім болды.

Қазақстан Темір Жолы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ қарызы 2,9 трлн теңгені құрады. 

Қордың хабарлауынша, қарыз қаражаты бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға, соның ішінде «Достық-Мойынты» темір жолының екінші жолын салуға, сондай-ақ жолаушылар вагондарын (Stadler, ТВЗ), Alstom электровоздары мен Wabtec тепловоздарын сатып алу арқылы жылжымалы құрам паркін жаңартуға тартылды.

«ҚТЖ» компаниясының қазіргі қарызы мына қадамдар арқылы өтелмек:

- 2024–2026 жылдар аралығында теміржол жүк көлігінің реттелетін тарифтерін жылына 24 пайызға арттыру. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссиядан тиісті оң шешім алынды;

- транзиттік тасымалдаудан түсетін кірісті арттыру.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ үшін транзиттік тасымалдау негізгі өсу бағыты ретінде қарастырылып отыр. Олардың көлемін алдағы жылдары жаңа инвестициялық жобаларды (жылжымалы құрамды жаңарту, инфрақұрылымды салу және жаңғырту, терминалдар желісін дамыту және басқа да шаралар) іске асыру есебінен ұлғайту жоспарланған.

Былтыр желтоқсан айында Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда локомитивтердің тозу деңгейі 61 пайызды құрағанын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар