ҚТЖ-ны ұлттық транзиттік-логистикалық компанияға айналдыру үшін не істелді

қтж
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Марат Қарабаев «Қазақстан темір жолын» ұлттық транзиттік-логистикалық компанияға айналдыру үшін не істеліп жатқанын айтты. 

«Жалпы, ҚТЖ-ны ұлттық транзиттік-логистикалық компанияға айналдыру бойынша атқарылған жұмысқа тоқталайын. Бұл шаруа екі бөліктен тұрады. Біріншісі — инфрақұрылым жасау, екіншісі — тасымалдау. Инфрақұрылым жасау бойынша өздеріңізге мәлім, Қытайдың Ляньюнган портында Қазақстан терминалы ашылған. Оның қуаты — 220 мың тонна. Мұнан бөлек, биыл бірінші кезең аясында Сиьян портында тағы бір жаңа Қазақстан терминалы ашылды. Оны қуаты — 66 мың тонна. Ляньюнган портымен бірге Қорғаста арнаулы құрғақ жүктерге арналған терминал салынды. Мұнан кейін елдің ішіне кіргеннен кейін Алматыда Сиьян портымен бірге құрғақ жүктерге арналған арнайы терминал құрылысын биыл бастаймыз. Сонымен қатар Ляньюнганмен тағы бір жобаны қолға аламыз. Яғни, Ақтауда арнаулы терминал саламыз», — деді министр Сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сауалына орай.

Оның атап өтуінше, іштегі жүктерді сыртқа шығару бағытында Әзербайжанның Алят портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірге терминал салу келесі жылға жоспарланған. Ал Грузияның Поти қаласында қазақстандық жеке кәсіпкер қуаты 480 мың тонналық терминал салған.

«Оған ҚТЖ консорциум ретінде кірді. Қытайдан Еуропаға дейін инфрақұрылым салу бағытындағы жоспар және атқарылған жұмыс осы. Яғни, Қытай аумағында бір терминал бітті. Биыл 2 терминал құрылысы басталады. Келесі жылы тағы 2 терминал салу жоспарланған», — деді Марат Қарабаев.

Сонымен қатар министр жүк тасымалдау бағытында да тоқталды. 

«Сингапурлық PSA деген ірі халықаралық компания бар. ҚТЖ сол компаниямен бірлесіп, Транскаспий көлік дәлізі бойынша жүктерді тасымалдайтын бірыңғай компания құрды. Осы компания Еуропа мен Қытай арасында жүктерді тасымалдаумен айналысады. Ресейден Иран мен Пәкістанға шығатын жол бойынша Abu Dhabi Ports компаниясымен екіжақты к елісімшартқа қол қойылып, еншілес компания ашылды. Бірақ, жүк тасымалдау әлі басталған жоқ», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар