ҚТЖ орындарды заңсыз сатып, пойызда темекі шеккен жолсеріктерді жұмыстан шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан темір жолы» компаниясы Алматы-2 вокзалында жүргізілген ішкі тергеу қорытындысы бойынша екі жолсерікті жұмыстан босатты, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар: БАҚ және қоғам өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде ішкі тексеру, тергеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
- Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша Алматы-2 вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарды заңсыз сату және пойыз тамбурында темекі шегу сияқты әрекеттер анықталды. Ішкі тергеу қорытындысы бойынша заң бұзған жолсеріктер жұмыстан босатылып, пойыз басшысына қатаң ескерту жарияланды,- делінген «ҚТЖ» компаниясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Мұндай тексерулер компанияға тиесілі барлық пойыздарда жүргізіледі, деп ескертті компания өкілдері.
Осыған дейін ұлттық тасымалдаушы балаларды пойызда тасымалдау ережелерін еске салған болатын.