ҚТЖ пойыз билеттері бағасының өзгеру себебін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда пойыз билеттерінің қымбаттауы инфляция деңгейі мен жыл сайынғы индексация тетігіне байланысты. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілі мәлім етті.

қтж
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

«ҚТЖ» басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың айтуынша, биыл пойыз билеттерінің бағасы 7 пайызға өскен. Ал өткен жылғы инфляция 12 пайыздан асқан.

— Биыл 1 сәуірден бастап билет бағасына 7 пайыздық индексация жүргізілді. Өткен жылғы инфляция 12 пайыздан жоғары болды. Демек, бұл өсім инфляция қарқынын толық өтеп отырған жоқ, — деді ол.

ҚТЖ өкілдері билет бағасы жыл ішінде өзгермейтінін атап өтті. Тариф маусымға да, тәуліктің уақытына да байланысты өзгермейді. Баға тек Көлік министрлігімен келісілген тәртіп бойынша жылына бір рет индексация арқылы жаңартылады.

Сондай-ақ компания өкілдері пойыз бен ұшақ билеттерін тікелей салыстыруға болмайтынын айтты. Себебі әуе тасымалында сұранысқа қарай өзгеріп отыратын икемді баға жүйесі қолданылады.

— Әуе билеттерінің құны сұраныс пен ұсынысқа қарай құбылып отырады. Кей кезеңдерде 70–100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал теміржол билеттері жыл бойы бір деңгейде сақталады, — деді Әнуар Ахметжанов.

ҚТЖ мәліметінше, әуе тасымалындағы икемді тариф жүйесі теміржол саласында қолданылмайды, сондықтан пойыз билеттерінің бағасы тұрақты сипатқа ие.

Бұған дейін Премьер-министр жыл соңына дейін жаңа вагондарды жеткізуді тапсырған еді.