ҚТЖ шалғай станцияларды таза сумен қамту бағдарламасын биыл аяқтайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «Теміржол су» АҚ өткен жылы сумен қамту жүйесінің 60-тан астам нысанын күрделі жөндеуден өткізді. Жөндеу жұмыстары салалық «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 46 шалғай өңірдегі теміржол станциялары таза сумен қамтылды, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
«Теміржолсу» АҚ президенті Қуат Есімхановтың айтуынша, қазіргі таңда Республикамыздың оңтүстігі мен батыс өңірі таза сумен толық қамтылды. Павлодар, Алматы облыстарының теміржол станцияларында таза сумен қамту жұмыстары аяқталып келеді. Барлығы 49 нысанда, теміржолдың 40 бекетінде күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Биылғы жылдың қазан айында Бағдарлама толығымен аяқталатын болады».
Сондай-ақ, Қуат Есімханов 16 шағын теміржол станцияларындағы 260 үйдің орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылғандығын атап өтті. Төрт шағын жол айырықтарында тұрғын үйлер мен жатақханалар еуропалық стандарттағы ыстық су жүйесі мен санитарлық қалыпқа келтірілді».
«Мөлдір бұлақ» Бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған кезден (2012-2016 жылдары) 392 темір жол станциясы мен жол айырықтарында 700-ге жуық сумен қамту және кәріздік жүйе күрделі жөндеуден өткізіліп, қалпына келтірілді.