«ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржолды өрттен қорғайтын шараларды қолға алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының өкілдері теміржол желісін өрттен қорғауға бағытталған шараларды қолға алуда, деп хабарлады бүгін ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, компания өкілдері 11 мың гектарға жуық теміржол теліміне қарасты жерлерді жырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ені бес метрге дейін жететін трактормен жыртылып, тез тұтануы мүмкін өсімдіктерден тазартылған арнайы жолақ темір жолды өрттен аластап тұрады.
«Жаз мезгіліндегі ыстық ауа райына байланысты біз күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Бұл теміржол мен пойыз қозғалысына кедергі келтіретін жайттарды болдырмау мен өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында қолға алынып отырған шара», - деп «ҚТЖ» ҰК» АҚ жол диагностика центрінің бөлім басшысы З.Керімбаев.