11:17, 28 Қараша 2015 | GMT +5
ҚТЖ жолсеріктеріне туристік жолдамалар табыс етілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Жолаушылар тасымалы» компаниясына қарасты кәсіпорындардың қызметкерлері арасында кәсіби байқау өтті. Бұл туралы аталған компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Байқау төрт аталым бойынша өткізіліп, оған 50 адам қатысты. Бұл ретте қатысушылардың кәсіби біліктілігімен қатар, жолаушылармен жылы қарым-қатынас жасау, оқыс жағдай орын алған кезде сауатты әрекет ету сияқты маңызды мәселелерге баса назар аударылды.
Байқау қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалының үздік жолсерігі деп Дархан Қалауов танылды. Қаламаңы тасымалының үздік жолсерігі жүлдесін Берік Досмұхамбетов жеңіп алса, ал үздік машинист ретінде Айдын Ахмединің есімі аталды. Жеңімпаздарға туристік жолдамалар, сондай-ақ ноутбуктер мен планшеттер, басқа да бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бұдан бөлек, үздік пойыз бригадасы («Экспресс» аймақтық филиалы) анықталып, олар «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентінің Кубогына ие болды.