«ҚТЖ» жүк вагондарын көптеп шығаруды жоспарлап отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның темір жолдарында болашақта тек отандық өндіріс орындарынан шыққан жүк вагондары қолданылатын болады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық орталығы мемлекеттік деңгейдегі, өндірістік сектордағы кәсіпорындардың және жылжымалы құрам меншік иелерінің қолдауымен жүк вагондарын шығаруды дамыту бағдарламасын жасады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық орталығының директоры Азамат Жанкелдінің айтуынша, аталмыш бағдарлама қазақстандық жүк вагондарын шығаратын кәсіпорындарға бірыңғай техникалық талаптар қоя отырып, елдің жылжымалы құрамын жаңғыртуды көздейді.
«Жаңа жабық вагондар, жартылай вагондар, цистерна және платформалар жылжымалы құрамға қатысты техникалық регламенттеудің міндетті талаптарынан өтіп, сертификатталған соң, мемлекетаралық бағдарларға да шығуға рұқсат алатын болады»,- деп атап өтті А. Жанкелді.
Оның айтуынша, жаңа жылжымалы құрамдарға қойылатын маңызды талаптар - көлемін арттыру, жөндеу аралығы мерзімін ұзарту, конструкциялық жылдамдық, жүк көтеру қуатын көбейту, жүк вагондарының қорабының салмағын азайту. Бұл өз кезегінде теміржол жылжымалы құрамын соңғы үлгідегі жүк вагондарымен жаңғырту, парктің жалпы жүк көтеру деңгейін, жылдамдығын, қызмет көрсету сапасын, тасымалдау қауіпсіздігін көтеруді қамтамасыз етеді.
Жүк вагонына қойылатын талаптар биылғы жыл аяғына дейін бекітіліп, қаржылық институттар арқылы бағдарламаны қаржыландыру механизмі қарастырылады.
«Жұмыс тобы өзіміздің меншіктегі жүк вагондарын шығару өндірісін қаржыландыру көздерін қарастыруда. Дайындаушы зауыттарға және жергілікті үлесті көтеру арқылы импорт алмастыруға Мемлекеттік қолдау көрсетуге жеңілдіктер жасау шаралары белгіленіп отыр»,-дейді А. Жанкелді.
«Жүк вагондарын шығаруды қолдаудың бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жылына 6 жүк вагоны өндірістен шығарылса, 1,5 мың жұмыс орны ашылады, еңбек көрсеткіші 1,9 есеге көтеріледі»,-дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық орталығының басшысы.