ҚТЖБ «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алушылар пулын жасақтау шарттарын түсіндірді

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алушылар пулын жасақтау шарттарын түсіндірді.
None
None

«Банк салымшылары болып табылатын азаматтар осы бағдарлама бойынша Астана қаласында салынып жатқан 3 үйден пәтер алуға өз өтініштерін өткізіп, үміткер бола алады. Жалпы пәтер саны - 1013. Оның ішінде 1 және 4 бөлмелі пәтерлер салу жоспарланған, 1 шаршы метрі - 142 500 теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 2013 жылдың 30 қарашасы», - деді аталған банктің атқарушы директоры Мұрат Шәріпов бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында..

Оның атап өтуінше, әрбір азамат салымшы ретінде банкке өтініш тапсырады. Бұл өтініштерді қабылдау 2 айға созылады . Өтініш қабылданған кезде салымшының өтінішіне қабылданған уақыт пен күні белгіленіп, автоматтандырылған жүйеде тіркеледі. Тіркелген өтініштер қабылданып болғаннан кейін талаптарға сәйкес автоматты түрде балл саналады.

«Бірінші талап - салым жинақтау мерзімі. Жинақтау мерзіміне 30 баллға дейін беріледі. Мәселен, егер салымшы 9 айдан 18 айға дейін жинақтаған болса 5 балл беріледі. 18 айдан 28 айға дейін 10 балл, 27 айдан 36 айға дейін 20 балл, ал 36 айдан жоғары болса 30 балл есептелінеді»,- деді ол.

Екінші талап - салымдардың мөлшері. Бұл азаматтардың жинаған ақшасының мөлшері. Оған да 30 баллға дейін беріледі. Егер келісімшарттың 12,5-інен 25 пайызына дейінгі көлемінде қаржы жинақталса 5 пайыз, 25-тен 37 пайызға дейін 10 балл, 37-ден 50 пайызға дейін 20 балл, ал елу - 50 пайыздан жоғары болса 30 балл беріледі.

Үшінші талап - бағалау көрсеткіші, оған 70 баллға дейін есептелінеді. Салымшы ең төменгі көрсеткішке жетсе 30 балл, ал егер тұрғын үй жинақтау кезінде көрсеткіштің белгіленген мәні 2 және одан да жоғары болса, толық 70 балл алады. Ескерерлігі, тұрғын үй жинағы бойынша салымдар неғұрлым ұзақ жыл жинақталған болса, бағалау көрсеткішінің де баллы жоғары болады.

«Балл есептелінген соң тізім банк сайтында орналастырылады. Жоғары балл алған өтініш берушілер салынып жатқан баспана санына қарай заемды өтеу үшін төлем қабілеттілігін растауға шақырылады. Төлем қабілетін растаған кезде заемды өтей алмайтын болған жағдайда жалға беру мүмкіндігі қарастырылады. Егер жалға беру мүмкіндігіне төлеу қабілеті жетпейтін болса, онда кезек тізім бойынша келесі тұрған азаматқа беріледі», - деді М.Шәріпов.

Соңғы жаңалықтар