ҚТЖБ-ны жекешелендіру халықтың арасында үрей тудыратындай жайт емес - А.Жұмағұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіру халықтың арасында үрей тудыратын жайт емес. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті.

ҚТЖБ-ны жекешелендіру халықтың арасында үрей тудыратындай жайт емес - А.Жұмағұлов

«Бүгінгі күнде жекешелендіру (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін) туралы шешім бар. Бірақ, шындығын айтқанда ешқандай инвестор туралы нақты мәселе қаралып отырған жоқ. Жекешелендіру болғанның өзінде оның 50, 20 немесе 100 пайыз жекешелендірілетіндігі жайында нақты шешім де жоқ. Ол болашақта әлеуметтік мәселелерді ескере отырып шешіледі»,- деді ол.

А.Жұмағұловтың атап өтуінше, әлеуетті инвесторлардың тұрғын үй жинақ жүйесінде тәжірибесі мол, қаржылық әлеуеті жоғары болуы қажет. Сонымен қатар, ол тек қана қаржымен ғана келмей технология да әкелуі тиіс.

Сонымен қатар, А.Жұмағұлов банктің жекешелендірілуіне қатысты халықтың арасында қате түсінік бар екендігін атап өтті.

«Тұрғын үй жинақ жүйесі заңмен реттеледі. Мемлекеттік сыйақы, депозит пен берілетін несие арасындағы маржа заңмен реттелген. Сондықтан, банктің жеке немесе мемлекеттік болғанында еш айырма жоқ. Сол себепті меніңше, жекешелендіру халықтың арасында үрей тудыратын жайт емес»,- деді банк басшысы.